Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 305

Мұхтар Әуезов

Қайғылы Абайға бұл бір сәт өзін өзгеше еліктірген хабар әкеледі.

Абай сол алаң болған көңілмен Дәрмен, Шұбар отырғанда және елден келген көп адамдар көзінше "алда қызық дүние бар" дейді. "Бірақ оған жетуге бұйрық жоқ, мен ол дүниені көрмеймін" – дейді.

Станов доктор Абайға өзінің соңғы байлауын айтады. "Мағаш елге қайтсын, алып қайтыңыз" дейді.

Шошынып, қатты қайғы басқан Абай ауру баласын алып, он шақты шанамен елге қайтады.

III

Қыс аяғы жақындаған. Бірақ қатты жұт. Жылқы ақ қар басқан ит жондай жүдеп, әлсіреп біткен. Құлағалы, әруақтай боп тұрған, жүні, түрі үрпиіп ұзарып кеткен арық жылқылар. Боран. Жылқышы аш. Астындағы ат арық. Ыға алмай құлап жатқан жылқыларға қасқыр шабады. Бір топ жылқыға ұялас он екі қасқыр тобы, тағы бір жерде, тағы бір қос маңында кісіней алмай, адамнан қорған тілей алмай, қырылып жатқан қалың жылқыға жиырма қасқыр араласады. Боран. Үш күн боран.

Енді ол қыстаудан көшу керек. Көштер кеткен. Абай Мағаштың зиратына Баймағамбет пен Мағаштың, Әбіштің өңшең жетім қалған, жетім жас балаларымен екі арбамен келеді. Жұрт жылап, құран оқып, қоштасып шығып кеткен соң, Абай қабір басында жалғыз отырып қалады. Қанша отырғаны белгісіз. Жалғыз.

Жетінші тарау

Бірінші вариант

1902-1903 жылдар. Мағаш жақсы жігіт болған еді. Онымен Кәкітайлар көп оқып, қатты өскен еді. Мағашты өз еліне, сапалы еңбекке Абай жақсы тәрбиелеген. Мағаштың жауы – Өскенбайлар. Надан Құнанбай нәсілдері. Қалада Мағаштар жастар сейілін жасайды. Өңшең өнерлі топ. Дәрмен қалада. Абай – ол да жазуда, еңбекте. Қалада өсіп келе жатқан кішкентай тол, болашақтың қайраткерлері Мағаш пен Дәрменді қоршайды. Абайды жаттап, соның өлеңдерін оқиды, әндерін айтады. Орыс кітабы, мектебі, орыс музыкасы бұл ортаның бәрінің тынысы. Бірақ қалада Мағаш ауыра бастаған, соны естіп қырдан Абай келеді. Бұл баласының ауруы Абайға ең үлкен дерт болып тиеді. "Әбіштей бола ма" деп жүрегі үріккеннен түндер бойы тыным-тыныштық ала алмайды. Абай шерлі, қайғысы құпия. Қалада жазға шейін жатып, Мағашты емдетеді. Жаз елге алып қайтады.

Сегізінші тарау

Бірінші вариант

1903-1904 жылдар. Қыс пен көктем ішіндегі оқиғалар. Мағаш қатты науқас. Өшіп бара жатқан үміттей. Айналасында қапалы жастар. Көктемде Мағаш қайтыс болады. Абай қайғысы қатты. Ерен қайғы. Ол тас-түйін, басқаша бекінгендей. Жұрт жылап, еңіреп жүргенде, Абай жым-жырт. Сөзсіз, үнсіз және ұйқысыз – өзгеше сөніп бара жатқандай. Аурумын демейді. Ем де іздемейді. Кәкітайлар барды салады – емдетпек, бірақ Абай қабыл алмайды. Ақшоқыдан көшерде Мағаш қабірінің басында Абай жапа-жалғыз үнсіз отырып шығады. Пәуескеде Мағаштың жетім балаларын көріп, Баймағамбеттер сыр айтады: "Қысқа тілек тілеппін, бірақ қайту жоқ". Абай – ауру. Оның сөздері мен әндері балалардың, малшылардың, түнгі күзетшілердің аузында. Абай мен Әйгерімнің арыздасуы. Өлеңмен қоштасуы. Мағаштың қырқын Абай асықтырып, отыз сегізінші күні бергіздіреді. "Кешігесіңдер" дейді. Сүйген баласының қырқы күні Абай өледі. Дүние анадай қарсы алады. Үлкен тыныштықпен үзіледі. Жұрт күңіренеді. Жаяу, ат қойған кедейлер, жылаған жатақтар, әйелдер, ақындар.