Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 307

Мұхтар Әуезов

Осы басылымда біраз оқиғалар Әбіш іс-әрекеттері мен характерін аша түсу үшін, оны әрекет, қимыл үстінде көрсету үшін енгізілді. Дәрмен мен Мәкеннің басына азаттық алып берді. Осының бәрі Оразбайлар көкірегіне атылған оқтай болып қадалды. "Болмай жатып бәле қуғызды ма әкең саған? Тек тұрысып көріңдер әкең екеуің! Өлісер жерге жетіпсің, өкінбе тек!.." Доңайбат жасап сескентем деген Оразбай, мына жігітті қорқыта алмай, ширықтыра түскенін көрді де, үн қатпай сүзе қарап қала берді" (124-6.). Бұлардың бәрі де Әбіш характерін ұлғайта түсудің үстіне шығарманың сюжеттік өрісін де кеңейтті және белгілі бір деңгейде оларды бір-біріне ұқсағысыз даралыққа көтерді. Бұл жерде Абайдың ойы, сөзі шешен, терең, өткір келсе, Әбіш негізінде әрекеттің, қимылдың, тік сөйлеп тіресуге жарайтын жастың пішінінде танылды. Оразбай бірде кінәлап, енді бірде доңайбат жасап, қорқытып-үркітіп, ықтырып алғысы келгенімен, одан ешнәрсе өндіре алмағанына көзі жетті. Әйтсе де, зорлықшыл қара ниетінен қайтпады. Осындай тұста Дәрменді бірде Абай билігіне қатысушы ретінде көрсетсе, енді бірде Абайдың сабалауының куәсі етті. Оған қатысты 1956 жылғы басылымында жоқ мына сияқты жолдарды 1957 жылғы алты томдық таңдамаларына қосты: "Бұл күндегі қасірет жайды аса қатты күйік еткен Дәрмен еді. Ол өзінің отауына есіктен кіре бере, төсек жанында іс тігіп отырған Мәкенге, Абай шеккен жазаны ұғымсыз бір балдыр сөздермен айта берді. Биік төсектің кестелі ақ жастықтарына бетін басып, тұншыға еңіреді.