Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 293

Мұхтар Әуезов

Бүгін осы бейіттің басына өте көп елдің көштері соғып өтті. Көшпен келе жатқан ата-аналар, тай-құнанға мінген балалар, әсіресе, қой, сиыр айдаған малшы, жалшы жалпы жұрт. Таң атқалы көп ел келіп өтті.

Түс ауа бергенде зиратқа Абайдың өз аулының барлық еркек-әйел, кәрі-жас, ес білген жандары шұбырды. Ұзақ салқар арбалы, атты, жаяулы халық селі шұбатыла созылып келген-ді.

Үлкен төрт құлақты бейіттің іші кең, сырты көлеңкелі тақыры бар, мол болатын. Осы орындардың бәрін толтыра кернеген жұрт тағы да тегіс егіліп, еңіреп жылауда. Сол жылаумен көп уақыт өткен соң, енді дәл осы сәтте, осы қабір қасында айтылатын анық арнаулы сөз, шын зар бірен-саран жақынның кеудесінде туып, айтылатын тәрізді еді.

Көптің жылауы аяқтап келген кезде, зор қоңыр сарынмен бір ересек әйел дауыс айтып кетті. Жұрттың бәріне анық естілген, қайталап айтылған "қос қоңыр, қос қоңыр!" – деген сөз.

"Бұл кім? Кім дауыс айта бастады?" – деп, сырттан сұрасқандарға мола ішіндегі кейбір үлкендер сыбырлап жауап қатып: "Зейнеп" – дейді.

Жастау әйелдер арттағы әйелдерге білдіргенде "Молда апаң" – дейді. Зейнеп мұсылманша оқыған. Ол өз жанынан өте бір ойлы, мұңды, шын шер айтқандай. "Қос қоңыр" дегені – өзінің бұрынғы күйеуі, мынау жатқан Оспан да, екіншісі – Абай. Зейнептің зары, дауысты тыңдап қалған барлық жанды үнсіз жас төктіріп, көп жылатты.

Тағы бір кезек Зейнеп үні басыла бере, өзгеше сұлу, салқын, бірақ сондай биік шырқап, тамаша қалқып сорғалаған бір дауыс кетті. Ол жылаған – Әйгерім еді. Абай өмір бойы сүйіп өткен, тамашалап сүйіп өткен саналы сұлу жар. Көп заманнан тыйылып, тоқталып қалған ғажайып әнші өнерін енді айтып болмас арманы мен зарына арнапты.

Бұл жоқтаудың осы отырған халайық естіп көрмеген, болжап білмеген санасы да, қаралы сәні де басқаша. Айтылып жатқан соны сөз де өзгеше.

Әйгерім үшін осы жоқтауды Дәрмен жазған еді. Ал шерлі, күйлі, көркем сазды Әйгерім өз жүрегінен тудырған. Қазір қалың ел алдында, Абайдың қасында, қабір басында айтылып отырған бұл зар жоқтау ғана емес. Оны жассыз көзбен, аса ашық бапты үнмен айтып отырған Әйгерім, Абайға көп айтатын, күнде айтатын жоқтау қып созған жоқ.

Ұлы өнер данасына күйлі саздың шебері келген. Жүрекпен туысқан бір туғаны келіп, өзгеше бір ескерткіш орната отырғандай.

Әйгерім айтқан сөз бұл өңірде, бұл шаққа шейін Абай жөнінде әлі күнге қазақ баласы айтпаған сөз. Асыл жардың аузымен халық ұлы Дәрмен Абайға халық атынан үн қатады. Несімен қымбат! Қандай қадірлісі еді халықтың Абай! Оның тілімен зарлы, шерлі аналар жылап еді. Саналы ата, ойлы азамат ой таратып еді. Оның үні мен өрісі бар, үміті бар жас буын жамандықтан жиренгенін, жақсы күнді көксегенін таратып айтып еді. Сол үшін Абай өлген жоқ бүгін.

Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған! –

деген өзіңсің, Абай аға!

"Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды!.. Алдың жарқын, өзің солай сеніп ең... Ана жұртың сені өлді демейді! Жарық дүниеге жаңа келіп, шырылдап туғаныңда осы Жидебайда, осы Ши-Қорықта сені аялап бауырына алған анаң бар еді. Ол алғашқы жалғыз анаң сені ақ құшағы, адал мейірімен бауырына басқан. Бүгін сені одан да ұлы өлмес анаң, ұмытылмас ұлым деп бауырына алады. Алдағы ұзақ дәурен, жарқын заман сапарына сені жүрегіне баса мәңгіге ала кетпек! Өлім де жеңбес жан бар. Олар аз болса, соның бірі сенсің. Бұл өңірде өткендердің ішінде ол жалғыз болса, соның өзі сенсің!" – дейді Әйгерім сазы. Өзі де өшпес, тозбас сөздер Абайдың жас қабірінің басында жиын жұртқа жар етілді.