Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 294

Мұхтар Әуезов

Ғажайып үні бүгін соншалық өзгеше боп шыққан жаны жаралы өнерпаздың үнімен паш етілді. Бұл саздың сұлулығы, биіктігі күмбездей!.. Көкпеңбек түпсіз биік аспанда қалықтаған аққудың аппақ таза қанаты күн шұғыласына малына алтындай жарқырамас па еді!.. Қасиетті құс ақ қанатын қақпастан қалқып, баяу ғана сұңқылдап толқып, тамаша бір үн салмаушы ма еді!.. Өмірінде бір-ақ рет те болса естігенің бар ма?.. Қиялыңды арбаған сұлу көрік есіңнен кеткені бар ма?!.

Қазіргі Әйгерімнің Абаймен соңғы рет қоштасып айтқан күй-шері сол тәрізді болатын. Осымен Әйгерімнің ең соңғы жыры айтылды. Бір шақта Абайды өзгеше елітіп, балқытқан ғажайып күйдің ең соңғы үні осымен өшті.

Әйгерімнің күйі, күйікті жаны, қайта оянбас, қайрылмас өнері осы Абай қабірінің басында, Абаймен бірге өшті де, жоқтыққа кетті. "Абаймен бірге құшағым кетті" десе, Абаймен бірге бұның кеудесіндегі күйді сүйген сүйініш сөнді. Көмейінде сылдыраған күміс күйлі әсем үн сөнді. Ол жаңа ғажайып өнерін өзгеше сөзбен толқыта төгіп, жұртты егілткен шақта Абайдың қабіріне қадала қарап, аппақ боп, реңі қашқан Дәрмен отыр еді. Бұның қасында Дәркембайдың баласы, оқыған жас Рахым бар. Одан –әpi Абайдың бір кездегі жас қонақ достары, оқып жүрген балалар – Үсен, Мұрат, Шәкет отыр.

Дәрмен осылардың ортасында. Әйгерімнің жаңағы даусы айтылып жатқан шақта, өз ішінен Абай қабіріне қарап, үздіксіз бір ант, серт айтып отырғандай болды.

"Сақтармын, қойнымдағы алтынымдай сақтармын сіз қалдырған дәндерді... асыл ұрықтарыңды..." – деген ой келгенде, Дәрменнің есіне Абайдың ең соңғы терең бір арман шері келді.

Ол кең аспаннан сол дәндерінің болашақ тағдырын білмек боп еді. Енді Дәрмен ойласа, сыр тереңі, арман зары сол екен... Әйгерімді тыңдай отыра, Дәрмен өз ішінен Абай сұрауларына жауап іздейді.

– Абай аға, қадірлім! Ол дәндерің өлген жоқ, жойылған жоқ. Рас, бұл күнде бір араға біткен дүм тоғай болмасын. Үлкен бақ боп тұрмасын... Бірақ ен дала, мол сахараның бар бойында ол дәндерің өсіп келеді... Өсе бермек күн санап та жыл санап... Сол үшін де өз өмірімде, өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан! – дей берді.

Адал жар жоқтауымен Абай жаңаша жолға өтті. Ол өлмеске қадам басты! Әйгерімнің әні мен соған оралып айтылған Дәрмен жыры – Абай туралы кейін туатын бар өнердің басы еді. Жаңа туған әннен бастап, Абай жаңа туысқа ауысқан.