Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 292

Мұхтар Әуезов

Халық ашығып, жүдеп, жұтап, қырылып барады. Сахара жұрты шұбырды. Бұл қадірлейтін "халық" дейтін қалың шоғыр бытырап, ыдырап, таусылып барады. Абай өзі болса, бұның да тірегі сынды, Мағаш кетті. Енді бұл өзі де ортасынан опырылып, құлап, сынып қалған. Бұның да өзінің барлығы, болмысы бытырап, ыдырап тозып бара жатқандай. Өзінің де бір сипатынан соң бір сипаты күн санап тарап, бітіп барады.

Соған орай бұның бар мүшесі, тәні де солып, семіп, бір қуатынан соң бір қуаты кетіп, тозып барады. Қазір ол көп нәрсені сезбейді. Көп уақыт оның санасы көп нәрсені түсінбейді, ұқпайды. Сондықтан оған енді ұйқы да керексіз, ас пен дәм де керек емес. Ол сөйлемейді, ой да солған. Күлмейді. Қуаныш пен жұбаныш, жақсылық пен жаманшылық, күн мен түн айырмасы жоқ боп тұтасып, мұнарға айналып барады.

Ең соңғы санасы өзін тағы суық, түпсіз, лай реңді толқынды судың ішінде сезеді, ол жүзген болады. Бірақ жақында жетерлік жаға жоқ. Тек алыста, көз ұшында, қияда ғана әзір бергі бетін түн түнегі басқан, биік қоңыр бел бар. Соның ар жағынан алтын арай, жақын таң, түн түнегін азадай серпілтіп, баяу көтеріп, жеңіп келе жатқандай. Абай бар ойы-бойымен сол асыл арай алыс таңға құбыласындай бой ұруда. Ал жақын дүние суық, лай, түпсіз тұңғиық боп тарта берсе, бұл өше берді, сөніп, семе берді.

Бір күйге сайған жаңағы жұмбақ жай оның ең соңғы деміне дейін ой, қиялынан, көз алдынан кеткен жоқ. Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде, ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан, зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті.

ЭПИЛОГ

Осыдан бір жарым ай еткен соң, күз тақап, жайлаудың елі Шыңғыстан қайта асып, бауырға қарай үздік-создық көштер созылды. Абайдың туған жері, анасының қонысы, қыс қыстауы Жидебайға пішендік шалғын ұзарып өсіп болған. Маңындағы дала шөбі сарғайған. Жидебайға тақау жалғыз қара биік Өртеңнің төсіндегі көде, бетеге сап-сары жадау жүзді. Өткен өмір реңін, тозған тірлік елесін танытады.

Осы сары төскей өлкенің санадан солған, зағыпырандай болған саналы қайғы-дертін айтқандай. Баяу жел Жидебай бойындағы қалың шилі көк майса шалғынды үнемі толқытып, ырғалтып, ылғи бір жаққа, теріскей бетке қарай майыстырып иілте береді. Шыңғыстан соққан үздіксіз қоңыр жел жылы күнде оңынан соғатын жел еді.

Соңғы күндер жансыз, елсіз, мүлгіп тұрған Жидебай бойында бар қозғалыс, қыбыр-қимыл тек сол жел ырғалтқан шөп басының ғана қимылы. Осы Жидебайда кәрі әже Зеренің, асыл ана Ұлжанның бауырында құлын-тайдай қайғысыз, қамырықсыз өскен бала – Абай еді. Ол ойнап, шапқылап жүретін тақырлар, ұсақ тастақ төбелер, қалың шидің қоршауында биіктей тұрған дөңестер болушы еді.

Қыстаудан күншығысқа қарай созылған құлаберісте, сондай бір кішкене төбешіктің үстінде, жақын заманда салынған биік, кең төрт құлақты бейіт бар. Оның басына Оспан аты жазылған. Жаз ортасынан бері сол Оспан бейітінің қасына және де сандықтап қойған Абайдың бейіті – жада бейіт орнаған.