Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 291

Мұхтар Әуезов

Осы бір өзі ғана білген Абай шерін, сырын айту үстінде Дәрмен бұрын аңдамаған, ойы жетіп болмаған өзгеше жайларды енді-енді тереңдеп, кең ұғына бастады. Тегінде, жаңағы жан сөздері Абайдың бұрынғы тірлігінде айтылмаған, әлі тудырмаған ғажайып сырлы, өзгеше бір өлеңі тәрізді.

Ұлы жүрек түбіндегі ең соңғы бір кенже, таусыншақ асыл туыс па екен! Қара сөзбен айтқаны болмаса, жаңағы Дәрменнің өзі қайталап айтқан Абай сөздері соншалық бір терең, көркем! Бар өлеңнен де өктем бір оқшау өлең ғой! Толысып, туғалы тұрған терең сырлы сымбат қой. Толқыған теңіз түбінен атылып шығатын меруерттей кесек қымбат дүние ғой!.. Осы және Абай кешіп өткен шабытты ақын өмірінің, еңбекке толы азамат ойының, ойға толы өмірінің екшеліп келген, сараланған жиын жайы екен.

Дәрмен ойы ұзай түсті. Кең шабытпен байқап шолып аңдаса, Абай өзін ұзақ өмір бойында сол сахараға гүлдер шашқан, асыл ұрықтар таратқан бәйтерекке теңепті. Сонысы дәл ғой. Айнымас әділ, анық, шын ғой. Осыны және қай кезде айтыпты? Жай түсіп, соңғы бұтақтары сынып, қу түбірдей жалғыз қалған, жайрап қалған күнінде тағдырына арыз-айып еткендей, өкім айтып өтіпті. Бұл зәулім шынардың ең соңғы қалған үш-төрт жемісті балғын бұтақтары бар еді. Оның бірі – Мағаш. Бірі халқының қадірлісі – Базаралы. Тағы бірі – Абайдың бала, бозбала шағынан осы күнге дейін өмірде бір рет, бірде-бір, сол ғана қабақ шытындырып көрмеген айнымас досы, бар туғаннан да жақын туған, өмір серік жан досы Ербол еді. Осының үшеуі бірдей сынып, құлап түскен күні жаңағыдай жан жалынын атқан екен асыл көкірек!

Дәрмен енді ойласа: "Базаралыға, Ерболға, Мағашқа Абайдың айтқан "қош-қошы" да, достық, аталық "арыз-қошы" осы. Жаны жылап тудырған жоқтауы да осы екен-ау!.."

Дәрмен осылайша өзі де бір ақындық терең толғауға түсті. Ақын жанын ақынша шыншыл шабытпен жете таныды. Бұның көңіліне Абай енді өз сапарын, өмір сапарын тауысып қойған жандай сезіледі де, ол уана алмай, көп жылап, көп егілді.

Абай осылайша бар асыл жандарынан айрылғанын көріп, күңіреніп болды да, ұғымсыз бір дертке түсті.

"Күнім санаулы, мен де жоқпын, дауа жоқ!" – деген екен Баймағамбетке. Қасындағы Кәкітай, Ақылбай сияқты іні-бала, жақындар "доктор алғызамыз" дегенде, Абай суық қана түйіліп, бас шайқаған. Мүлде керек етпейтінін білдірген. Бұнда енді түні бойы титтей көз шырымын алар ұйқы жоқ. Күндіз жалғыз-жарым оқыс айтып қалған сөзден бөтен тіл де жоқ.

"Не болды", "сізге не болды, Абай жаным!" деп, үй оңашада беті-жүзін ыстық жасымен жуып, үш рет, үш күндей оңаша оралып келген Әйгерімге де Абай жауап қатпады. Басын шайқап, Әйгерімді арқасынан сипап, басынан, бетінен аялап қояды. Үшінші рет қана Әйгерімнің жас тамшысы түйіліп тұрған оң көзінен бір рет сүйді. Сөйтті де, алақанымен "басқа жайды айтпа!" дегендей ым жасады.

Абай үшін қазір дүние жыртылып, бұзылып, құлап, тозып бара жатқандай. Бұл білген жақын дүние дәл солай.