Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 295

Мұхтар Әуезов

Осы күйдің куәсі боп, қазір де Абай қабірінің басына қалың елдің өзгеше көп-көп жаны жиылып қалыпты... Бұлар өтіп жатқан көштерден келген кәрілер, жастар, ерлер, әйелдер... Әйгерім мен Дәрмен де, жас оқығандар да байқамапты... Бұлар өз зары, мұңы, ойымен отырғанда, сырттарында Әйгерімнің барлық саналы шерін тыңдап, іштей құптап, қалың елдің тобы отырған... Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып отырған халық ата, халық ана осы еді.

ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕМЕ

"Абай жолы"

(Төртінші кітап)

Эпопеяның осы төртінші кітабы 1954 жылы жазылып бітіп, 1956 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жеке кітап болып шықты. Содан бері жазушының алты томдық (1956) шығармалар жинағының төртінші томында, 1961 жылы "Абай жолы" деген атпен шыққан басылымның екінші кітабында, он екі томдықтың ("Жазушы", 1968) жетінші томында, жиырма томдықтың ("Жазушы", 1980) алтыншы томында, "Абай жолы" роман-эпопеясының ("Жеті жарғы", 1997) төртінші томында басылды. Осылайша ұзақ жылдық, яғни жиырма жылдай уақытқа созылған еңбек осы кітаппен қорытындыланды. Әр кітап жазушыға бір-біріне ұқсағысыз әсер, бір-біріне ұқсағысыз қиян-қилы өмірдің толқымалы сәт-шақтарын сыйлады.

Осы ретте қаламгердің 1958 жылы Тәшкенде өткен Азия-Африка жазушыларының конференциясында сөйлеген сөзіндегі мына бір толғаныстары еске түседі: "Әлдебір сұхбатта: "Көргенді айтайын ба, естігенді айтайын ба?" – депті. Сонда сыншы-тыңдаушы: "Көргенді айт, себебі көрген шын, естіген өтірік", – дейді. Алғашқы кісі: "Өтірік пен шынның арасы қанша жер?" – дегенде, әлгі сыншы: "Екі арасы тым жақын, төрт-ақ елі. Көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік.

Өзімшілдікпен емес, тек сәтке жаңағы кісіні қостайтындықтан, өз өмірімде көзіммен көрген кейбір жайларыма меңзейін. Алты жасар шағымда үлкен әкемнің киіз үйінде бір күні қағазға жазылған өлең кердім. Үлкендер әндетіп, бала атаулы өзіміз шырқатып жүрген ән сөзі қағаз жүзіне үнсіз, жым-жырт қонып жатыр дегенге таң болдым. Атам бұл сөз Абай ақын өлеңі дегенде, әсіресе қайран қалдым.

Ералы жайлауындағы бар ауылдарымыз өзі жоқта сөзін естіп, тыңдап отырғаны Абайға қандай жақсы екен деп ойлап ем. Сол Абай алпыс жыл өмір жасап, өлеңдері тек жазба күйінде, тек жайлауларда ғана мәлім боп дүние салды" (220-бума, l-2-бб.) деген еді. Ол өзінің бұл ойын әдеттегі көп сөйлеушілердің бірі ретінде емес, Орта Азия республикалары халықтары атынан арнайы сөйлеген сөзінде айтты.

Сол алты жасында ақынға таң қалған бала енді өзі де дүниенің түкпір-түкпірінен келген бетке ұстар қалам иелерін терең, парасатты толғауларымен таңдандырып тастады, сол бала өзінің жастық шағындағы білімге ұмтылдырған қуатты әсердің ықпалымен келіп-келіп, "Абай жолындай" эпопеяның дүниеге келуіне жалғасқанын аңдатты. Сол тұстағы өмірінің елеулі кезеңдері осы шығармаға арналды және оның ауыртпалығын да, даңқ әпергенін де осы шығармадан көрді. Сонда бұның жазылуы мен аяқталуы арасында жиырма жылға созылған буырқанысы мол қилы кезеңдер жатты. Алғашқы кітаптары арасындағы үзілістер заманының кезек күттірмес мәселелеріне атсалысуды қажет еткендіктен туындаса, мұнда қалай жазудың жоба-жоспарын қарастырып жүргендегі үзілістер өз кезіндегі идеологиялық ахуалдың олқылы-толқылығына байланысты болды. Әйткенмен, басқа жұмыс, басқа мәселелерге көп алаңдамай, соңғы кітапты тезірек аяқтау мақсатымен уақытының көбін осыған арнады. Сол мақсат, сол ұстаным 1953 жылдың 28 қыркүйегінде қолға алынған жұмысты келесі жылдың наурызына жетер-жетпесте аяқтатқызды.