Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 290

Мұхтар Әуезов

Сол күні кешке үйіне келеді де жығылады. Арада үш күн өткенде қызуы асқындап, өне бойы от-жалын боп лаулай бастайды. Ауру екенін тіпті жақын ауыл, жан күйерлері де біліп үлгірмепті. Талайдан әлсіреп, солғындап келген дертті жүрек мынау ыстықты, соқпа сүзектің ыстығын көтере алмай, бар-жоғы үш-ақ күннің ішінде батыр жанды Базаралы өзі де қаза болған.

Бұл жайлар дәл Мағаштың қысылып жатқан шағында болған еді. Абайдың қайғысы онсыз да жетіп жатқандықтан, Кәкітай мен Дәрмен өздері де Абайға білдірмей, өзгеге де айтқызбай ірке тұрған-ды. Тек Мағаштың өлімінен он екі күн өткен соң ғана ауыр қаза хабарын екі іні дос – Дәрмен мен Кәкітай амалсыз отырып, оңаша жерде ғана Абайға айтқан еді.

Абай сонда егіліп тұрып еңіреп жіберген. Ұзақ уақыт бойын жия алмай, бар еңсесімен бір тұңғиыққа қарай ұмтылып, құлай бергендей күрт кеткен екен. Осыған шейін бірталай шақ өз ішінде үнсіз буынып, улы дертпен түйіліп қалған болса, дәл сол сәтте "соңғы рет айтып қалайын" дегендей өзгеше бір зар шеккен-ді.

– Құп-қу болып, жапа-жалғыз қалыппын! Бақсының моласындай жапа-жалғыз қалыппын. Кімім қалды, нем қалды?! – деп, өзімен өзі сыбырлай күбірлеп сөйлеп кетеді.

– ...Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды... Мен ішпеген у бар ма!.. Жүрегімді көрші міне, жарадан cay жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жазық, не айыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма?!. – деп, біраз отырып барып, тағы да бір ауық уланған оймен оянғандай болады.

Абайдың жаңағы зарына шыдамаған Кәкітай егіліп жылап жіберіп, көз жасын көрсетпейін деп үйден шығып кеткен еді. Дертті жанның, оған қадала қарап, әp қыбырын баққан жалғыз ғана Дәрмен қапты. Соған Абай тағы біраз сыр, шер тастап еді.

– ...Жапан түз, елсіз, жолсыз сардалада жалғыз түп ағаш өсіпті. Айлар, жылдар, не замандар жасапты. Әрбір көктем күніне үмітін артып, шат қуаты жапырағын жарып, гүлін атыпты... Талай жылдар өтіпті. Әр жылының гүлдері мен дәндері ұшып, тарап кетіп жатыпты. Сан жапырақ сарғая солып, жоқ болыпты. Бір заман сол айдаладағы жалғыз ағашқа жай түсіпті де, жайрапты. Бар бұтақтан, гүл жапырақтан, дән нәрден айрылыпты, ажырапты... Қуарып, шошайып қалған жалғыз ғана қу ағаш көк аспанға тіл қатыпты. Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем?! Біттім міне, тек көк аспан, куәм едің, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі сен едің – кең көк аспан!.. Сен ғана бір айтшы... Мен өлейін, бірақ, сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?.. Шанда біреу, санда бір сайда болса да, жас жапырағын көкке созып, гүл жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір-бір өлкеде, тағы бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме!.. Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап құмыр бұлбұл сайрар ма! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме! – деп, өзімен өзі шын бір ұлы шабыт, ақын шабытымен шарықтап бір барды да, содан соң үні өшті.

Дәрмен Әйгерімге осы жайды айтып өтті де, ең ақырында "Абай ағамның ең соңғы бой жазғаны, сыр ашқаны сол ғана болды ма деп шошынамын!" – деп, өзі байқамай ағыл-тегіл ағып кеткен жастарын жалаң алақандарымен сүрте берді.