Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 289

Мұхтар Әуезов

Мағаштың қазасын Абай солай таныса, Дәрмен өзгеше өткір оймен, күйік үстінде көреген бола, анықтап андайды. Ол Кәкітайға, Баймағамбетке өз аңдағанын әлденеше рет айтты. Дәрменнің байқауынша, Абайдың ендігі күндері, ой-дүниесі, жүрек дерті бір үлкен сергелдең мен сенделу халінде.

Ол әл-ауқатын әкеткен қайғы соңында. Есі кейде бар, кейде ауып, жаңылып кеткендей болады. Бүгінгі жайын бірде-бір жанға айтпайды, атамайды. Енді біразда, Мағаштың жетісін берген соң, жылдағы мезгіл жетіп, ауылдар Шыңғысқа қарай беттеп көшті. Жайлауға қарай тартты. Ақшоқыдағы ауылдар Шидегі, Шыңғыстағы Тобықтының қалың ортасына барды. Тағы да Мағашқа алғаш өткен күндердей ағылып, төгіліп келіп жатқан жылаулар көп.

Абай тек Дәрмен, Әйгерім, Баймағамбет үшеуінің ғана дегеніне жүреді. Олар киімін киіндіреді, дастарқан басына өздері алып келіп, Абай қазір тіпті аз ішетін асты ұсынады. Үйден алып шығу болсын, бәрін де бұл үшеуі қалай жетелесе, Абай балаша, не бір есі ауған жанша үн қатпай ере береді, көне береді. Ал анау үш жақыны, бар әлемдегі ең бір жақын көрген үш досы өзара Абайды осылай күндіз-түні бағып жүріп, сол Абайдың ендігі халінен үшеуі ғана боп сырласқанда қатты қорқысады.

Баймағамбет Мағаштың өліміне отыз күн толған шақта, Абайдың қатты өзгеріп кеткен қалпын Дәрмен мен Әйгерімге оңаша сыр етіп отырып, енді бір білгенін айтты.

Мағаштың өлімінен он шақты күн өткен соң, қыстау маңынан, Ақшоқыдан ұзап көшерде қалың жұрт Мағаштың зиратына барып, қоштасып аттанған екен. Сонда Абай Мағаштың жас балалары мен Баймағамбетті ғана алып, зират басына кейіндеп барыпты. Жылап жүрген ер мен әйелдерді бейіт басынан тез жүргіздіріп жіберіпті. Балалар мен өзі моланың ішіне кіріп, біраз отырады да, тағы бір кезек Баймағамбетке "балаларды алып шыға бер" деп белгі етеді. Содан кейін Баймағамбет балаларды пәуескеге отырғызып, тыста тұра береді. Абай жапа-жалғыз, баласының жас қабірінің басында екі сағат тапжылмай, сыртқа шықпай қалып қояды. Кейін, кешке таман ғана моланың ішінен Абай шыққанда сақалы аппақ болып, беті-жүзі күлбеттеніп, бар денесі жер тартқан жандай құр сүлдерімен ғана шыққан екен. Баймағамбеттің енді ғана есіне түседі, Абай сонда ғана бұған бір-ақ ауыз сөз айтыпты.

Баймағамбеттен сол сырды ең алғаш естіп отырып, Дәрмен бір сыр айтты. Мағаш өткен соң он екі-он үш күн болған шақта Абайға тағы бір үлкен толқын соққының өзгеше қатты тигенін еске алды. Әйгерім мен Баймағамбетке ол да өзі білген құпия бір жайын ең алғаш баян етті.

Осы көктемде, Абайдың өмір серік екі арысындай, екі үлкен досы Ербол мен Базаралы да қаза болған. Әуелі Ербол сүзек боп жығылады. Сол қатты ауыра бастағанда Базаралы қасына келеді де, он шақты күн өз қолымен күтеді. Үзілген сағатында досының басын тізесіне салып отырып, қош айтысады.

Ел жүдеу, жыл жұтаң, ауыл мен ауыл арасы да хабар-ошардан үзіліп қалған кез болған соң Ерболдың жаназасы көпке жарияланбай, аз ғана жан күйер жиыны атқарған болатын. Дәл сол күндерде Ерболдың қасында отырып, Базаралы өзі де ауырып қалғанын сезіп отырыпты. Өне бойын алып түскен ауырлаған дертін батыр жүрекпен тістеніп жеңіп, Ерболдың жаназасын өзі басқарып шығартқан.