Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 4

Мұхтар Әуезов

Қазір үш-төрт құймақты қарбыта-қарбыта екі-ақ асап жұта салып, күрең шайды сораптай тарта отырып, Абайға үлкендерінен бұрын Бестіқырт сөз қатты:

– Ал, Абай, елдің амандығын айттың. Жә, енді өзің қаланың жамандығын есіттің бе? – деп, бір оқыс жайды көлденең қойып қалды.

Дәмежан жаудыр көзі жалт етіп, Мұхаметжанға тіксіне қарай қалды.

– Не деп отыр өзі?

– Мынау не дейді, не айтып отыр? – деп Абай да аңыра берді.

Осы кезде Мақа өзінің күшене шығатын бақырауық даусымен:

– Айтқаны сол, түннен бері естімедің бе? Бұл қалаңа апат кеп жатқан жоқ па?

Абай әлі таңдана қадалып отыр.

– Не дейсіңдер, ұқтыршы өзің! Апаты не? – Абай үй толы еркектен Дәмежанды есті-басты көріп, соған қарады. Бірақ әкелі-балалы Жұман мен Мұхаметжан жарыса сөйлеп, киіп кетісті.

– Бұ қалаға жаман науқас кепті!

– Құдай ұрған іш ауруы!

– Ар жақ-бер жақтан күнде әлденеше адам өліп жатыр!

– Мәлік келгендей. Шыбындай қырылып жатыр!

– Аты не дейді! Адам естімеген қу науқас бір. Жұрт қашып жатыр қаладан! – деп ол екеуі бір тоқтап еді. Енді байсалды, қамқор, қабілетті кісі болған боп, Мақа іле жөнелді.

– Сені түннен бері "осында неге келіп жүр?" – дестік. "Шылқылдаған, індет басқан елде не іздеп жүр?" – деп сөйлескеміз жоқ па, мынау үшеуміз! – деді.

Өздері неге жатқанын сұраған Баймағамбетке: олар қазір-ақ осы шайды іше сала жүретіндерін айтты. Бұл апат қаладан, пәледен, індеттен безгелі отырғандарын тағы да жарыса айтысты. Жастары үлкен Мақа мен Жұман Абайға тез қайтуды, бұл қаладан безуді ақыл қып айтпақ болады. Абай олардан естігенін қоя тұрып, енді Дәмежанға бұрылды. Әйел Абайды үркітпей сөйледі. Қалада соңғы он шақты күннен бері өлім білініп тұрғанын, бір іш ауруы барын айтты. Бірақ жаңағы Жұмандардың қырғын апат, шыбындай қырылып жатыр деген сөздерін өте орасан көріп:

– Алып-қашты, өсек-өтірік деген осындайдан шығады-ау. Бала емес, сақалды бастарымен сонша үркітпесе несі кетеді екен? – деп қойды.

Дәмежанның бұл сөзіне Мұхаметжан қысастанып өршелене түсті.

– Міне бұлар, қаланың жатақтары болса осылай "ештеңе жоқ" – дегісі келеді. Бар үйде солай, "өлгенін жасырсаң, көмгенде қайтесің!" – десе не дер еді? Өйткенше, түнде Абай келгенде алдымен соны айтсаң еді. Таңға шейін несіне жасырдың?

Дәмежан ызалана күле түсті. Енді өзгеше бір намыстана сөйледі. Абай мен қырттарға жалт-жалт етіп кезек қараған үлкен көздерінде әдемі ұшқын, шұғылалы сәуле бар. Аппақ ұзын тістерін қоршаған сұлу еріндері кейде күлкі мен ызаны қатар, қабат білдіретін дағдысы бар еді. Сол ажармен сөйлеп отыр.

– Құдайым тегі жақсыны да, жаманды да біздің Ырғызбайға берген ғой. Мені жазғырып отырғанын қарашы. Ал ұзақ жолдан шаршап-шалдығып жеті түнде келген қонаққа "бұнда апат боп жатыр", "бұнда қонба!" – десем, ол не болар еді? Қақпамның алдынан қуғаным ба? Әлдеқайдағы ауруды сылтау қып үркітіп, қашырғаным ба? Онда мен Абай ағамнан бір самауыр шайды, бір асым етті аяған, жоқтан сылтау іздеген ит болмас па едім! – деді.