Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 5

Мұхтар Әуезов

Абайдың сүйсіне күліп отырғанын көріп, Дәмежан сөзінің аяқ кезін қалжың тәрізді етіп, сақылдап күле отырып, жарқырап айтып шықты. Абай оны мақұлдағанын білдіріп, күле отырып бас изеді. Әлі де жеңілгенін білмей, тағы жауап айтқысы келген өзі құрбылас ағайыны Мұхаметжанға ол енді бұйыра сөйледі.

– Жә, тоқтат, қыртпа! Жеңілгеніңді білетін болсаң, сен Бестіқырт атанар ма едің? – деді.

Дәмежан бұл қонақтар арасында өжет, өр сөйлейді. Ол тегі үнемі солай болу керек. Абай оның шешендігін жаңа байқады. Ал өжеттігі әкесіне тартқан тәрізді. Мынау еркектер Дәмежанның төркіні, туыстары. Бұл Абайлардың өз аулының қызы, Ызғұттының үлкен қызы болатын. Ертерек заманда ұсақ-түйек, айна-тарақ сатушы боп, жаман арбамен елге барған кішкене саудагер, осы мына бір аяғын сылти басқан Жәбікен саудагерге Дәмежан көңіл қосып, серт берген де, бір түнде осыған еріп қалаға қашып кеткен.

Бұлар әлі де қаланың әлсіз ғана тұрғын кедейінің бірі. Рас, өздерінен бала туды. Жаман да болса, өз алдына тірлігі бар. Осы қаланың шетінен елдің көп керуені түсіп жүретін жұпыны ғана қоражай салып алған. Сонымен, отырған үйдің түп қазығы осы Дәмежанның өзі. Ол жаңағыдай жайларда аса намыскер, басынан сөз асыра алмайды. Қаладағы көрші-қолаңға да сол мінезі әбден мәлім. Сонысымен және барлық Слободканың басжатақтағы көп қазақтарына қадірлі, сүйкімді де болатын. Жаңағы тұста Абай да оны дәл осы күйде түсініп, мақұлдаған.

Бірақ ендігі әңгіме онда емес. Жұмандар былай тұрсын, тіпті Дәмежанның өзі де "қалада жаман ауру" барын жасырмады. Өлім де бар дейді. "Бұ не?", "қайтпек керек?" Абай өзі не істейді? Қалаға келген шаруасы үлкен де, тығыз да болатын. Онысы және бар. Ендігі жайды басты бір адаммен сөйлесіп шешу керек. Сол үшін шайдың артынан Абай тез ғана орысша қағаз жазды да, Баймағамбетке беріп жатып:

– Қазір тез ат жек те, мынаны Федор Иванович Павловқа алып бар. Уақыты болса тез келсін, деп отырмын. Осында өзің алып кел! – деді де, өзі осы үйде Павловты тосып қалды.

Мақа мен Жұмандар базар жақта тағы бір шаруасы барын айтысып, түсте жүрмек боп, әзірше базарға кетісті. Дәмежан шайдан кейін өзінің үш баласын олардың күндегі кәсіп қылған жұмысына жөнелтті. Балалардың үлкені түнде самауыр қойған ұзын бойлы Жұмаш, қасына екі інісін ертті. Олары – он бес жасар Сәлімжан мен он екі жасар кенже інісі – Әлімжан. Шай басында бұлар шешесіне өздерінің үлкен көздерін жалт-жалт бұрып қарай түсіп, сөзге қатынаспаған.

Үндемей ғана отырып астарын ішкен-ді. Кейін шешесінің қабағынан күндегі дағдылы ажарын танып, бөгелместен жұмыстарына жөнелген-ді. Үйде Абай қасында Жәбікен мен Дәмежан өзі ғана қалды.

Әуелі Абайдың бұл екеуінен сұрағаны қазіргі тұрмыс жайлары, кәсіп-қарекеті, әл-ауқаты туралы еді. Дәмежан бар шын күйлерін жасырмады. Төркіні, жақыны, тіпті ағасы санайтын Абайға өздерінің жоқшылық, кедейлік жайын ірікпей баян ете бастады.