Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 3

Мұхтар Әуезов

– Дәмежан, қалаға кешігіп келген соң, жақын жағы ғой деп сенің үйіңе бұрылып ек. Ең әуелі сен қысылма. Бізге самауыр қойып, шайыңды берсең болады. Жолдан шаршап келдік, тезірек жатып тыным алайық.

Ол сөзді Дәмежан тез жөнге салды.

– Қысылатын дәнеңем жоқ, Абай аға. Бар мәзір, жоқ жайымыз сіз келгенде дастарқан үстінде болады. Келген соң ендігісін өзіме беріңіз! – деді.

Абай осыдан кейін сөзін әзілге айналдырды. Әлі де күле, сүйсіне қарай отырып, Дәмежанға қалжың айтты.

– Үйлерінде қонақ жоқ, оңаша шығар деп ем. Жаңағы арбаның үстіне тиеп қойған сақалдарың немене? Бұ қап-қап сақал жиып, базарға сатқалы отырсыңдар ма? – дегенде, ең алдымен аппақ ұзын тістерін ақсита ашып, Дәмежан сақылдап күлді. Абайға сонша сүйсіне қарап қапты. Қоңыр сүр жүзі қып-қызыл бола күледі. Қалың қара сақал, сары мұртының бәрін сілкінтіп, Баймағамбет те мәз боп отыр.

Ауыз үйде қазанаспа жанында самауыр қойып жатқан ұзын мойын ала көз жігіт Жұмаш та ырсылдап күліп жатыр. Абай өзі аз күліп, тағы сөйлей түсті.

– Сақалдарын тамашалаймын деп, өздерін танымай да қалдым. Сенің қолыңа мұндай молшылық қайдан түсті, Дәмежан! Қайдан келген, қандай сақалдар бұлар? – Осы сөздерді Абайдың қазіргі айтуының өзі де ойнақы, өзгеше. Үй іші жаңағыдан да бетер ұзақ күліп, мәз болысты.

Сөйтіп, Абайлар бұл түні Ертістің сол жағасындағы Слободка дейтін, қазақша бер жақ атанатын қалаға қонды. Бұл Семей қаласының бір бөлімі. Соның Дәмежан қорасы тұрған жағы басжатақ атанады. Бұндағы қала қазағы көбінше көшпелі елден келіп, осында орнаған. Ал қырда, қыстаудан көшпей қалатын шаруаларды "жатақ" дейтін. Сол дағдымен, мынау қалада отырған қазақ үйлерін, көп квартал бөлімдерін де "жатақ" деп атандыра береді. Осынау тұсты "басжатақ" дейтіні, ол өзеннің әр жағында болған соң солай аталады. Тегінде, қала халқының арасында қалалық тұрмыс қалыпқа әлі түгел үйлеспеген, қыр мен қала әдеттерін әралуан араластырған қазақылық та осы шетте, басжатақта көбірек байқалатын.

Жайлы төсекте жатып, көп ұйықтаған, жақсы тыныққан Абай таңертең тұрып, беті-қолын жуып, Дәмежанның шайына асықпай кеп отырғанда, түндегі бұл сұраған "сақалдар" бірі артынан бірі шұбыра кеп еді. Олар сәлемдесе амандасып, кең үстелдің бір жағын ала отырысты.

Көкбараздаған аппақ, тап-таза кимешек-шаршысын аса сәнді етіп тартқан Дәмежан үлкен, таза самауырдың қасына отырды. Құлағында үлкен күміс сырғасы сілкіне түсіп, үстел басы тола отырған жұртқа жіті қозғалып, шай құйып отыр. Абайға арнап пісірген құймағы, мол бауырсақтың ортасына табаққа салынып қойылған еді. Жаңағы сақалдар Абайдан бұрын қол қойып, еңсере тиіскенде Дәмежан Абайға қарап:

– Абай аға, құймақ жеңіз, алыңыз! – деп сыпайы қонағуарлық көрсетті.

Абай бұл кезде жаңағы қонақтармен тіл қатыса отырған. Олар Абайдың туыстары болып шықты. Біреуі Ырғызбайдың белгілі қырты Жұман, екіншісі дәл сондай аталас, жақын, Өсер аулынікі – бақырауық Мақа болатын. Бұлардың атқосшысы есебінде жүрген Жұманның үлкен баласы қоңыр бұйра сақалды, боз көзді Мұхаметжан. Жұманның көп ұлдары түсі-түгі жағынан ғана өзіне ұқсас емес, көп сөзді, сусылдаған мылжыңдық жағынан да дәл өзіне тартқан-ды. Сондықтан жұрт мұның балаларының аттарын өзгертіп: "Құнанқырт", "Дөненқырт", "Бестіқырт" десетін. Мұхаметжан сол Бестіқырттың өзі. Түнде Абай келгенін білгеннен бері қарай сол Бестіқырттың ішін жарғандай, шыдатпай жүрген бір сөз болатын.