Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 2

Мұхтар Әуезов

Сондай төбесі жабық тіреулері бар кеңдеу қора, түкпір жақтан шам алып келе жатқан Дәмежанның жақындауына қарай өзінің әр түкпірін, бос қуыстарын көрсете түсті. Дәмежанмен бірге бір аяғын сылти басқан күйеуі ере шықты. Ала көздеу келген, ұзын бойлы, ұзын мойын үлкен баласы Жұмаш та келді. Арба қораға кіргенде, қақпаның сол жағында бір жайдақ, сары арба тұр екен. Соның үстінде жатқан кісілер бары байқалды. Тегі бұл үйдің елден келген қонақтары тәрізді. Қораның сол жағында, аласа кірпіш оттықта шөп жеп тұрған екі-үш ат, көкшіл бау шөпті күтір-күтір шайнай түсіп, пысқырып қойысады. Абай үй иелерінің соңғы шыққандарымен амандасты да, жаңағы арбаға көз тастады. Содан Дәмежанға бұрылып:

– Дәмежан, шамыңды бері көтерші! Бері, бері таман! – деп, сары арбаның қасында тұрып, соның үстіне үңілді. Шам ұстаған Дәмежанды арбаға өте тақау келтірді. Арбада екі кісі қатар жатыр екен. Шалқадан жатқан қалпында екі қонақтың да сақалдары күйектей боп, ерекше көзге түсті. Біреуінікі бұйралау мол болғанда, екіншісінікі жайылма, ұзын сақал. Жатқандар жас емес, шау тартқан кісілер. Екі сақал да бір іреңдес, бурыл екен. Арбаға шам сәулесі түскенде бұл екеуінің аяқ жағында көлденең жатқан тағы біреу ыңыранып айналып түсті. Оның ажары жастау. Бірақ бұның да мол, тығыз біткен ұзын қоңыр сақалы бар. Жатқандар оянған жоқ.

Абай оларға қарап езу тартты да, Дәмежанды өз қасында бөгей тұрды. Баймағамбет пен үй иелері әке, бала үшеуі болып шапшаңдатып, пар атты доғарып болған соң ғана Абай Дәмежанға бастатып, бар топты ілестіріп, үйге қарай жүрді. Дәмежанның жұпыны, жүдеу қорасының төрінде ауыз үйлі, төр үйлі екі бөлмесі бар еді. Әйел қонақтарын ертіп, төргі үйдің есігін ашып, Абайға жол берді. Ол үйде аласа қырлы пештің кәрнезінде жанып тұрған жарығы мол үлкен лампы бар екен. Дәмежан шапшаңдатып көрпе салып, қонақтарына жастық қойып, дөңгелек аласа үстелін әкеп үйдің ортасына орнатты да, жаңағы лампыны пештің қырынан алып, үстелге қойды. Енді барлық жұрттың шырайлары жақын отырысқанда анық ашыла түсті. Үй іші де өзгеше жадырап, көңілдене бергендей. Дәмежан сол уақытта тізе бүгіп күйеуінен төмен отыра бере, Абайлардың неғып кешігіп келгенін, қайдан шыққанын сұрады.

Дәмежан сұңғақ бойлы, көтеріңкі кесектеу мұрны бар, жаудыраған үлкен, әдемі қара көзді әйел еді. Ақ, қарасы айқын көзі – тұнжырай біткен, анық бота көздің өзі. Ашық дауысты Дәмежан сөйлеген сайын оның үлкен кесек, аппақ тістері кең ашылады. Жұқа еріндерінің қызылына жарасып жиі көрініп отырады. Күйеуі үнсіз, аз сөзді бұйығы кісі болғанда, Дәмежан мүлде басқа. Ол керісінше, шапшаң, ашық сөйлейді. Адамға тез қабысатын, жол мен жөнді өзі біліп басқаратын көшелі кісідей. Бұл үйдің еркегі ері емес, өзі тәрізді. Жаңа отыра бере үлкен баласына самауыр қой деп бұйрық еткен. Баласы сол шаруаға айналысқанда күйеуіне де іс тапсырған. Тұрып қазан астына отын жарып әкел деген еді. Абай Дәмежанның жаудыр көзіне сәл тамашалай отырып, күле түсіп сөз қатты: