Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 313

Мұхтар Әуезов

Мұсылмандық парыздың бірінен саналар қажылық Құнанбайдың сапарымен байланыстырылды. Оған әзірлікке бүкіл туған-туыс, ауыл-аймақтың тартылғанын шығарып салу, қарсы алу арқылы көрсетті. Бұл жерде қажылық амалдарына кең-мол тоқталып жатпағанымен, оның бүкіл сыр-мәнін аз сөздің өзімен-ақ елестетіп, ұғындырып отырды. Ондағы шарттарды: азар (кіндіктен байлап төмен түсіре оранатын жамылғы), рағдамен (ихрамға енер алдында иығы мен кеудені жабатын ұзынша жамылғы) басталатын рәсімдер, қағбаны айналып тауаб ету, Сафа мен Мәруа арасын жүріп өту, Арафа күні Арафат тауында уукупқа қатысып (хұтбаны тыңдау), Мұздалифа тауынан терген тасты шайтандарға лақтыру, ең ақырында қоштасу тауабын жасау жолдарын толық орындағаннан кейін Мәдинеге қарай жол тарту сияқты ереже шарттары бар. Қаратайдың сұрақтары қажылықтың соңғы кезеңімен байланыстырылды. Сол жерде кімдердің қабірлері жатқандығын сұрағанда, Расул алланың хазіреті Әубәкір мен Ғұмардың, Фатиманың, Ғаббас пен Хамзаның, Ғұсманның, Сағди бин Уақас, Ғабдырахман бин Ғауф және хазіреті Ғайшаның жай тапқанын әңгімелегенде, Ғабитхан молда: "Ғашрай мубашшора" десе лазым" дейді. Мұнысы – Пайғамбардың ықыласына ие болған иманды сахабалар дегені.

"Пайғамбардың хадисінде: "Ғұлама жазу жазған қара сия шаһидтің қанынан қымбат" – деген сөзін қайтесіз? Екінші – ғалемнің инсі жынның жаралмыш тарихын тек "Хиссасул әнбиден" білген білімнің аты да білім бе? Адам қауымының бар нәсілінің мінез-құлқын тек қана "Қырық хадис", "Лаухынама", "Фихкайдани" тұрғысынан білген де жұбаныш па?" делінген. Тағы бір жерде: "Күллі мұсылман білсе лазым-дүр, һәрбір жақсы ниетке жақсы фатиха бірге ере жүрсін. Мен "Яразиқұл ғибади" фатихасын оқыдым" дегенде, Абай бұның үй салғанда емес, қырман көтерілгенде оқылатын дұға екенін, "Лаухынамада" солай жазылғанын айтатыны бар. "Мұталағасы ашылды" демек – мантық, "Ғақайыдты" оқып жүріп "Кафия", "Шарх Ғабдолланы" өз талабымен халфесіз, хазіретсіз, дәріссіз факімлейтін болса, соған айтса ләзім" (94-6.) деп, шығыстық көне оқу жүйелері мен сатыларына ойды бұрады. Соның ішінде иманшарттан басталып, қырық хадиске жалғасатын исламдық оқу тәртібі әрі қарай шуритиссалат, тағлимуссалат, фихкайдани, тұхфатул мүлк, наху сарф, бидан, мұхтасар, кафия, мантық, ғакаид сияқты тармақтанып барып, "Шарх Ғабдоллаға" барып тірелетіні меңзеледі.

Керемет құбылыс немесе көрініс мағынасындағы аят кідіріспен басталып, аяқталған ойды білдіреді. Отыз пара, алпыс хизбтен тұратын Құран аяттарын Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалары мен өзінің жолын ұстанушыларға неғұрлым мол жаттап алуды уағыздаған, осыдан келіп оны бастан-аяқ жадында сақтаған қарилар көбейген. М.Әуезовтің өзі де атасының тапсыруымен Абай өлеңдерімен қатар Құран сүрелерін жаттаумен өскен. Сондықтан да романында дінге, Құранға, хақиқатқа қатысты танымдарды ой арқауына айналдырды: "Замандар өзгереді. Соған лайық тұс-тұсында нәби келеді. Тәурат, Забур, Інжіл, Құран (Кәләм Шәріп) кітаптар келді дейміз. Заман өзгеріп, қағида ауысып отырса да, Алланы тану, яғни Тағрифолла мәңгі-бақи ауыспайды деп білеміз" деген толғауларды ақынның аузына салды. Осыдан келіп иман, сенім, хақ тағала алдындағы міндеттер жиынтығы саналатын ислам пендені Аллаға мойынсұндырады, оған сендіреді (әл-иман), өнегелі, рахымды болуды (әл- ихсан) парыз санаттырады. Дін деген ұғымға жататын бес тірек жиынтығы аш-шахада (исламның ақиқат деп таныған ережелеріне сүйенген құлшылығы мен тәубесі); ан-нубуууа (Мұхаммедтің елшілік қызметін тану); ас-салат (намаз); ас-саум (ораза); аз-закат (зекет) және әл-хадж (қажылық) жиынтығынан тұрады. Әрине, исламда да әртүрлі топтар, ағымдар болды. Олардың әрқайсысы өздерінің ілімдерінің дұрыстығын уағыздады. Абай нанған сунна тобы "Аһли шариар" атанды. Құранның өзі: "О, халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жетесің" деген. Құранға сүйенген азаматтық және діни тұрғыдағы қағида-ережелер хадис, иджма, қиястан тұрады. "Даналықтың басы Алланың құдіреттілігін мойындау, қаһарынан сескену" десе, осыдан келіп соңғы кітаптардағы Абайдың ғылым – білімге ден қойған кездерінде айтылған сөздері мен танымдарының өзгергенін сондағы ой-толғаныстары арқылы көрсетеді. Мысалға, ястау намазының соңынан қаза болған мұсылмандарға арнап "Ясин уәлқуранул хакимді" оқыған халфенің "каумәннің" орнына "калан" деп жаңылысқанын, кейбір "фәләкәттарды" естіген жерде соны зарарсыз етпек ниетпен "Лаухынаманың" дұғаларын оқығанын айтуға болады." Басында сәлде, қолында таспиқ, аузында тахмилі" (58-6.); "Лаухул-махфузда" бұл шарафатлы дамолланың дәрғаһына осыншалық фәктікте болатыны жазылған" (59-6.); "Абай ендігі сөзінің соңын иман деген жайға, Юнусбек халфе бұны өзінше тұсамақ болған жайға соқтырды. "Шарх Ғабдоллаға" дейін жетіп қалдық, үлкен кітапқа орай біліміміз бар" деп жүрген молдаларды Абай енді сол кітап-тарының тілімен сөйлеп, таңдандыра бастады. Ол: "Екі түрлі иман бар еді – яқини иман, тақлиди иман. Жұртқа сол иман атымен өсиет, хүкім айтпақ боласыздар. Осы отырған екеуіңізді мен не дейін? Яқини иманы бар деуге сіздерде ғылым жоқ. Тақлиди иманы бар деуге әуелі өздеріңізде беріктік жоқ, яғни я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаңызға қарай дархал осы сағаттың өзінде "ақты–қара" деуге, "қараны–ақ" деуге, "өтірікті–шын" деуге әзірсіздер. Сол терістіктердің бәріне ант етуге әзір отырған сіздерді не дейміз? Жоқ, бүгін мынадай дау мен пәле шығып тұрған шақта, "қылыш үстінде серт тұрмайды" десеңіздер, "құдайтағаланың кешпейтін күнәсі жоқ" десеңіздер, сіздерден не қайыр күтейік?.. Осылайша иманы мен арын саудалап жүрген сіздердей жандардың, сіздерді жіберіп, жұмсап отырған иман ұстаздарыңыздың "жалғаншы, қиянатшы жүзі құрысын!" демеске не шарам қалды?" дегенінің өзімен-ақ көп жәйттерді қамтиды.