Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 312

Мұхтар Әуезов

Жылдың төрт мезгілін, оның әралуан құбылыстарын қатты қадағалап отырған қазақ есепшілерінің есебі дәл келген және онша ауытқи қоймаған. Үркер мен айдың жанасуындағы уақытты Үркер тоғады, бір күнін тоғым, екінші күнін ауыл-үй қонды, үшінші күнін озып шықты десе, Үркер суға батты, жерге батты, жерге түсті және батқан уақытта жаңбыр болса, жаңбырлы, құрғақ болса, жаз құрғақ болады деген болжамдар бар.

Сол есепшілердің айтуынша: "Отамалы көкек айының бірінде кіріп, он жетісінде шығады, ал бұл кез желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың соңғы зәрі де осымен кетеді".

Апрельдің сегізін сәуір жұлдызының басы санайды, сәуір боларда бір жұмадай жел, я суық болады, "сәуір болмай тәуір болмас" деп, осы салқын өтпей жаз шықпайтынын, сәуір бұлты арқылы келер қыстың жайын, суын болжап, қай жерде сәуірдің бұлты болса, сол жерде қыс қатты болатынын айтқан. Осымен байланысты "Күнәң аз болса күн есепте" деген де түсінік қалыптасқан. Оның мәнісі алдыңғыны болжау күнә дегені. Әр нәрсені орын-орнымен айта білетін есепшілер ел арасында ерекше бағаланған және елеулі күндердің тағы бір алуанына қазанның қара дауылын жатқызады. "Киік матауы қаңтар айында болады, ақпанның амалы үштің айының тоғызында тоғаммен кіріп, он жетісінде шығады. Сүмбіленің 17-19-21-лерінде қырғидың балапаны ұшып, бөденелейді" дейді. Бұл ретте ай аттары қазақ айтылуында да, араб айтылуында да қатар қолданылып отырған: мұхаррам, рабиғиәуал, рабиғисани, жұмаділәуал, жұмаділсәни, ражаб, шағбан, шағмар, рамазан, шауәл, зұлқиджа, зұлқиджа дейтін араб атаулары сияқты қазақша атаулар да, кейбір ай аттары бірде сәуір, бірде көкек дегендей әртүрлі болып айтылатындары да бар. "Қой бес ай, бес күнде, сиыр тоғыз ай, жылқы он бір ай, түйе он екі ай, он үш күнде боталайды" дейді. Маусымның онынан шілденің жиырмасына дейін созылатын жаздың, қаңтарда қыстың шілдесі болатынын айтады. Қыстың шілдесінде киік текесі тобын жиып қашырады дейді.

Осылар сияқты қаламгер шариғат мәселесінің өз дәреже-деңгейінде көрініс табуына айрықша мән береді. Құран мен сунна ережелерінің жиынтығы саналатын шариғатты қазақ билері жетік меңгерген және оны өз халқының әдет-ғұрыптарымен тығыз байланыстырып, аражігін ажырағысыздай етіп қолдана да білген. Абай да өзінің "Аят, хадис – сөздің басы" деген сөзімен терең ұғынғандықты сездіреді. Оның әралуан ережелері хадистерде де көрінеді: діндік, құқықтық, тұрмыстық, елдік мәселелер, пайғамбардың сөздері мен істері, иланымдары мен қағидалары осыған кіреді. Бір хадисте "Адам денесінде бір ет бар, егер ол сау болса, барлық денең сау, егер ол ауру болса, барлық денең ауру, ол – жүрек" – делінген. Жүрек мәселесі Абай танымында ерекше орын алатыны белгілі.