Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 11

Мұхтар Әуезов

Ауру, өлім осылардың бәрінде де бар екен. Ол кедейдің, аштардың немесе бейнеті ауыр жұмыс адамдарының көбірек өлетінін айыра білмейді. Өзі көп жаназаға араласпағандықтан өлген адамдарға шығарылған садақалар жайын аз білетін. Бірақ әйтеуір мешіт-медреселер айналасындағы имамдар мен мәзіндер, қарилер, халфелер осы қаза уақытында қатты байып жатыр деп түсінеді. Абайға сол жайды баса айтады. Өзінің қызғанышын қоса отырып, кейбір өш қари, халфе, мәзіндерін атады. Әсіресе соларды көп жамандады.

Бұның айтуынша, бас махалладағы Шәрібжан халфе, Самат қари, соқыр қари, Самұрат мәзін сияқтылар қазір қуанып жайнап жүр. Олар жаназадан, фидиядан, хатімнен және өлген адамның жетісі мен қырқынан күні-түні мол жем айырып жатыр.

– Ибраһим мырза, шүбә қылмаңыз, Шәрібжан халфе, Самұрат мәзіндер, осы қазада халық көрген фәләкәтқа қапаланады дейсіз бе? Жоқ, жоқ, олар әлбәтте барынша қуанады, семіре түседі. Бұндай кіріс оларға тіпті айт күндерінде де түскен емес. Неге қуанбасын "Өлімді жерде молда семіреді, өлеңді жерде өгіз семіреді" – деп қазақ халқы бек біліп айтқан. Мен бұлардан, хатта хазіреттің өзінен де сондай түңілгенмін. Сол қадар ғайыптаймын оларды. Халыққа жаны ашымас азғындар деуге батылым да барады! – деді.

Абай халыққа осы жаназа оқу, ас беру, хатім жасау жөнінде ақыл айту керек деген. Адамды аз жиып, өлікті тез қойып, сақтану қажет дейді. Осыны көпке жеткізу шарт дейді Абай. Ал Сармолла Абай сөзіне қоса өзінің күндегі өш мәзін, халфелерін көбірек жамандайды. Абай болса енді үнсіз, салқын тартынып қалған-ды. Сол ажарды да байқап Сармолла халыққа сақтық жөнінен өсиет айту керек екенін де аса құптап сөйледі. Бірақ соны айтып келіп және де Шәрібжан халфе, Самат қари, Самұрат мәзіннің бұндай өсиетке соншалық қарсы болатынын айта жөнелді. Және де олардың халық үшін ешбір қабырғасы қайыспайтынын еске алды. Көзін жұмып, басын шайқап, таңдайын қаға берді.

Абай Сармолланы дін басылардан басқарақ көретін. Оның шығыс ақындарын жақсы білетінін және солардың көп кітаптарын сақтайтынын ұнатушы еді. Абай бұдан Шайхы-Сағди, Хожа Хафиз, Әлішер Науаидың кейбір диуандарын алып, қайырып та жүретін. Өзге имам, хазіреттерден, қарилерден бұның жалпы дүниеге көзқарасын да кеңірек көретін. Және қаланың қазақ халқы осы молдаға балаларын көбірек оқытатынын білуші еді. Сармолланың содан арғы ішкі сырын Абай білмейтін. Қазір мынандай қала халқының ауыр қазасы уақытында "ақыл қосатын адам осы болар ма" – деп, әлде бір үмітпен шақырған еді. Бірақ дұрыс сөздермен қатар, Сармолла да осындағы бар молда сияқты: "Жаназадан анау көп алды, фидиядан мынау көп тапты. Мен аз алып қалдым, қақас қалдым!" – деп өзінше қызғанышпен өртеніп отырған сияқты. Сармолла әр сөзді өзінің өш, күндес молда, халфелерін жамандауға сая берген соң, Абай бір кезде оны қатқыл үнмен қағып, сынап сөйледі.

– Сармолла, сабыр! Шағир айтпап па еді: "Кісінің бір ғайыбын маған айтып келген адам, менің жүз ғайыбымды кісіге де барып айтар" – деп. Мынандай қалың қаза, қайғы уақытында өштік-қастықты алдымен айтпай қоя тұрсаңызшы!