Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 10

Мұхтар Әуезов

Оған орай Жұман өзінше көсемдік етіп, жол көрсетпек болды.

– Елің не, айтып отырған? Осында қырық рудан жиылған қаланың жатағы ел ме екен! Елім десең ана йен жатқан аталасың, туысың Тобықтыны айт. Қайдағыны халқым деп не деп отыр өзі? – деді.

Абай енді ыза болды. Қатты зекіп сөйледі.

– Жә, ішер асыңды іштің! Айтарлық құдай аманаты, бос мылжың сөзіңді айтып болдың. Енді тұр, тарта бер! Менде не ақың бар? Кімді халқым дейтінімді сендердің біліп нең бар! Бар, бара беріңдер! – деді де, үш Ырғызбайды суық көзімен, қатал түсімен қаймықтырып, осы үйден ұзатып салды.

Өзі Дәмежанға енді басқа пәтерге көшуі қажет екенін жайлап ұғындырды. Абай жатқан үйге ертенді-кеш көп кісі келеді. Ығын-шығыны, мазасыздық күтімі көп болады. Артынан келетін ауыл кісілері тағы бар. Сондықтан кеңірек жайға орналасу қажет. Дәмежанның бейіліне ол алғыс айтты. Сөйтіп, осы жағада өзі ұдайы пәтер етіп жүретін ташкенттік Құмаштікіне көшті.

Құмаштың үйі бер жақтың орта тұсына тақау, басжатақ мешітінің жанында. Асты қызыл кірпіш, үсті ағаш, қоңыр шатырлы екі қабатты үй тиянадай, көзге де көрнекті. Осындағы бай үйлерінің бәрінің үлгісі бойынша бұл үйдің қақпасы да өз кезінде жақсы тақтайдан биік етіп салынған. Құймалары да бар, Сибирьдегі орыс қалалары дағдысынша тақтайдан қиылған. Қақпадан басталатын ашық, кең ауланың төрінде төбесі жабық "лапас", "зәуезнай" дейтін ат-арба тұрарлық бөлек жайлар бар. Екі қабат үйдің асты-үстінде Құмаштың өз үй іші, қонақтары ғана тұрады.

Абай кейде үстіңгі бөлменің біріне түссе, тағы бір кезде кіріс-шығысқа жайлы көріп, астыңғы бөлмеге орналасады. Көше жақтағы күн түскіш кең бөлмені тандап алатын. Бұл жолы да сол астыңғы бөлмені мекендеді.

Бер жақта "басжатақ", "ортажатақ", "аяқжатақ" немесе "Тінібай жатағы" деп қазақтар бөлетін қала бөлігінің орта жатағы Құмаш үйінің тұсынан басталады. Тегі бұл тұстарда жалғыз қабат қызыл тас үйлер, екі қабат көк шатырлы, ағаш шатырлы үйлер де жиі ұшырасады. Қазақ саудагерлері мен татар саудагерлері молырақ орналасқан жер, осы Ертіс өзеніне жарыса салынған екі-үш көше бойында.

Бер жақтың сауда дүкендері, базары бұл көшелерден оңтүстікке қарай шығатын қыраттың үстінде. Одан төменірек сол жотаны бойлап Слободканың орыстары тұратын бөлімі кетеді. Онда бер жақтың больницасы, каланчасы, почтасы бар. Слободканы билейтін ұлық "зәбедейшінің" кеңсесі де сол тұста.

Абай тек Құмаштың үйіне көшкен соң ғана өздерін анық қалаға келіп жайғасқан кісідей сезінді.

Сол күні кешке Баймағамбетті жұмсап, өзі отырған үлкен кең бөлмеге Слободканың бір білікті адамы Сармолланы шақыртып алды.

Обадан өлген адамдар жайын Сармолла Абайдың күндізгі естігендерінен әлдеқайда көп санап айтты. Бұның өзі мешітте имам емес. Халфе, қари, мәзін сияқты діндар көпшілікпен күнде кездесетін де адам емес. Сармолла тегі өз үйінде бір топ балаларды, жастау шәкірттерді өз бетімен оқытып жүрген бір ұстаз екен. Сонда да шәкірттерінен, көршілерінен естіп-білгендері Абай үшін көп жаңалық болды. Сармолла ар жақ пен бер жақтың қалаларын махаллаға бөледі. Бер жақты "Бас махалла", "Тінібай махалласы" деп екіге бөледі. Ар жақтағы жеті мешітті мегзеп, жеті махалла дейді.