Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 9

Мұхтар Әуезов

– Ибрагим Кунанбаеч, ең ақырда Сашамен екеуміздің сіз бен Баймағамбетке айтатын бұйрығымыз бар. Ия, бұйрық! Сіз тек тыңдаңыз, себебі бұл үй ішерлік суды өзеннен алады. Ол су әзірше ауру таратушының бірі. Қазір ауру көп шығып, өлім молайып тұрған мезгіл. Слободканың осы жары мен аяқ жағы ең қауіпті жерлер. Сіз тезінен Слободканың орта тұсына және қорасында құдығы бар бір үйге көшіңіз. Онан соң аса шаршамауға тырысыңыз. Асты онша ашықпай тұрып ішіңіз. Бұл ауруда ашаршылық қандай жаман болса, үлкен мешкейлік те жаман. Әр тамақты шақ қана, дәл ғана жеу керек. Ал енді... – деп Павлов күлді де, – бұдан ары осылай айта берсем, мен доктор болмай тұрып, докторлық еткен шарлатан болып кетер қаупім бар. Сондай күйге жетпей тұрып тоқтайын. Мүмкіншілігі болса, халыққа сөзі жететін адамдар арқылы, жаңағы мен алғаш айтқан жайларды қаладағы қазақ халқына жеткізуге тырысыңыз! – деді.

Осыдан кейінгі аз әңгімеден соң Павлов Абаймен енді жиі көрісіп тұрмақты уәде етісті де, жүруге айналды. Дәмежан бұл орысқа Абай көрсеткен ықылас, бейілді өзінің жүйрік зейінімен жақсы аңдаған еді. Қонақ жүруге айналғанда ол Абайға қарап:

– Абай аға, ас пісіп қалды. Мына кісі сыйлас адамыңыз тәрізді, дәмге қалдырсаңызшы! – деген еді.

Павлов Абайдың аударуынан бұл сөзді естігенде, төсіне оң қолын қойып, бас иді. Дәмежанға үлкен, сұлу көздерімен жылы қарап, аса биязы алғыс айтты. Бірақ асқа қалған жоқ.

Таңертеңгі шайда кездескен Ырғызбайдың мол сақалды, көп сөзді мылжыңдары да түстікке қайта оралған. Енді олар аттарын жеккізіп қойып, Абаймен бірге ет жеп алғалы отыр. Дәл жүрерменде Абайға жанашыр қамқор болғансып, екеу-үшеуі қосылып, "келелі" бір сөз салды. Оны Мақа бастап, Жұман қостаған. Бестіқырт – Мұхаметжан да әкелерімен жарыса отырып аяқтаған-ды. Айтқандары Абайға "қазір елге қайтайық" дейді.

– Оқыс келіп қалған екенсің, қырылса қаланың өзі қырылсын. Елімізді табайық, пәледен қашайық, тез жөнелейік! – деседі.

Абай бұлардың сөздерін шала тыңдап: "Ел қырылса, қайда кетуші ек, бұнда да қалың жұрт. Содан үркіп, қашып не жаным аяулы еді!" – деп бір қайырған-ды.