Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 12

Мұхтар Әуезов

– Әлбәттә, әлбәттә, Ибраһим мырза, тұман жоқ, сіздікі тура. Ғарибыңыз өзін ғайыпты санайды! – деп Сармолла қызарды да, бөрік киген басын төмен иді. – Маған не мәслихат етесіз, енді соны айтыңыз! – деді.

Абай бұған:

– Тым құрса мешітке намазға жығылатын адамдарға, тіпті болмаса жұма күні хұтпа соңынан махалла халқына өсиет айтыңыз! – деді. – Осы жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназаны, хатімді, асты басқаша жүргізу керек, аз адаммен өткізу дұрыс деңіз! – деді.

Сармолла Абайдан шын ұялған еді. Енді көп отыра алмай:

– Хұп-хұп! Бәрекәллә, мен өз хәрәкетімді енді бастармын. Үйде отырып өзіме өзім айтқанша, махалла халқының арасына баруға талап етермін! – деді.

Сармолла кетер уақытта Абай орнынан тұрып, сыпайылықпен қол алысты. Қоштасып жатып: – Шәкірттеріңізге әсіресе көп ұғындырыңыз. Ата-аналарына, көршілеріне сіздің өсиетіңізді таратсын. Сізден оқыған шәкірттердің бұл күнде азамат болғандары да бар. Соларға да сәлем жолдаңыз, шынында махалла халқы сіздерді ұстаз көреді. Өзгелердің сөзінен сіздер айтқан сөзге тезірек иланды емес пе? Сол себепті осы қаладағы мәсулияті бихисап зор деп білемін. Бұл ұждан, ахлақ адамгершілік алдындағы қарыздарыңыз деп санаймын! Солай емес пе? – деді.

Сармолла тағы да басын шұлғып:

– Әлбәттә, әлбәттә! – деп, әлденеге қысылғандай асыға басып ширыға жөнелді.

Ол осы бетінде Құмаштың үйіне жақын жердегі мешітке ястау намазын оқуға жөнелді. Көше қараңғы еді. Екі ғана пұшпақ айналды да, ол мешіттің шарбағынан кірді. Қазір намазға келетін көпті тосып отырған отыз-қырық адам бар екен. Бұлар махалланың намазқой діндар қарттары мен мешіт-медресенің мәзін, шәкірт, халфелері. Сармолла осы жұрттың арасына келді.

Қара түнде мешіттің түбінде жүресінен отырған бұл топтың көбі үнсіз, жабырқау. Сөздер ақырын айтылған күбір түрінде. Екі адам немесе қатар отырған үш адам арасында ғана қысқа айтылған жауаптар жиі үзіліп отыр. Кеш қараңғы болса да, Сармолла бұл отырған адамдардың көпшілігі махалланың жай халқы екенін аңғарды. Бар жиын осы мешіттің имамы қарт хазіреттің келуін тосып отыр. Сармолладан кейін де намазға келген оншақты адам қосылды. Бұлар да қаланың елі, кәсіп халқы. Бар топтың ішінде мешіт, махалла бастықтарынан соқыр қари мен Самұрат мәзін бар екен. Сармолла жаңағы Абаймен сөйлесіп шыққан күйде, сәл қызынған, ұялған қалпында болатын. Халықтың қазасы уақытында дін ұстаздарының құлқынан ұялуға тура келетінін айтып, сәл дауыстай, сөйлей жөнелді. Бұған себеп болған Сармолланың қасында отырған сәлделі қара сақал, қартаң шәкірттің сұраған сөзі еді. Ол Сармолладан бүгін неше жаназада болдыңыз деп сұраған-ды. Сармолла әуелі отырған көпшілікке естіртіп:

– Мен бүгін ешбір жаназаға барғаным жоқ және бұдан былай мүмкін қадарымша бармасқа тырысармын! – деген-ді.

Бұл сөзді естіп қалған соқыр қари мен Самұрат мәзін қатарынан үн қатты.

– Астағфиралла, астағфиралла!

– Сіз күпірлік етесіз, да молда!