Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 301

Мұхтар Әуезов

Рымжан, Ақшолақ, Құсақ

Қоңырбай

Медреседе оқып жүрген Ниязбек (Жөкең) Абайдың келгенін естіп, сәлемдесе барса, өзінен не оқып жүргенін сұрайды. "Наху" дегенде: "Жынды болуға аз-ақ қапсың ғой", – деп, еңбек етуге, егін салуға кеңес береді. Медресенің шәкірттерінің бас-аяғына қарап тұрып, "бейшаралар елді бұзады-ау, өзі әлі түк білген жоқ", – дейді. Сәлем бере келген Көкбай насыбай сұрағанда бір ауыз өлең айтуын өтінеді. Ол:

"Ханым – сен, қарашың – мен басыбайлы,

Қызыл су Шарға құймай басылмайды", –

дей бергенде, Абай "тек!" – деп қалады.

"Ханым – сен, қарашың – мен басыбайлы,

Хан мен қарашы жасымайды.

Құмартып осы күзде бегірек келдім,

Әкелші, Абай аға, насыбайды", –

дегенде, "Өй, жаңа түзелді", – деп, насыбайын ұсынады. Байғұлақ баласы Ермағанбет (Ерімпұшық):

"Үйіңнің бір жағы ор, бір жағы жар,

Өз үйіңде аш едің, пейілің тар.

Моладан құлап өлген

Мантайыңды, Келтір деп кеткен

Тасекеңнен не хабар бар?" –

дегенде, Әлпейім: "Сенің өлген Жуантаяғыңнан телеграмм кеп жатыр ма, антұрған пұшық", – дейді.

Абайдың қарқылдап күлмейтінін, қықылдап, кезінен жас аққанша күлетінін, біреудің жайын әңгіме етсе, ол соның түсіне салып, бар денесімен ырғалып көрсетіп, артистерше қозғалыстар жасайтынын айтады. Тәкежанның боқтампаздығы, Дүтбайдың ашуланшақ, ұрысқақтығы жөнінде айта келіп: "Балаларға ақылын бермейді, ашуын береді, оған бала ашуланады, ақылын ұға алмай қалады" дейтін ақын, өзі бала-келіндеріне алдын кең ұстапты. Содан да ол "Қажының алды тар, сондықтан малшы-жалшылар аузына келгендерін айтқыш болған", – деп, өзі ол жағына мейлінше кең болуға тырысады екен. Ақылбай қызына құда түсе келген наймандарға оны көрсетпей оңаша ұстағанда: "Бала қызық көрмек керек, қасына берсін", – дейді. Ал өзі құда болып келіп отырғандарды:

"Есіктің алды тастақта,

Тастақтың алды баспақта", –

деп, әңгімеге тартпақ болғанда, солардың ішіндегі бір қу шал:

"Атасы басқа жау жеңге,

Күйеудің қасына тастап та", –

деп іліп әкетеді. Осылайша әрқилы ой, сөздердің тууына себепші болып және реті келген жағдайды бос жібермей, өзі өлеңге айналдырып отырған. Осындай тұрғыдан Оразбайға да өлең шығарған. Ол алпыстан асқанда пішенші Арық Матайдың қызын алыпты, соны естіген Абай:

"Ән салайын арарай,

Әнім қалмас жарамай,

Арарай, арарай!

Арғы затым Тобықты,

Даңқым шыққан Оразбай!

Оразбай деген ер екен,

Сегіз қырлы сері екен,

Айттырғаны бір байдың

Он бес жасар қызы екен.

Шымылдық құрды оң жаққа,

Шыбын қонбас балдаққа,

Қор болып шалға барғанша,

Алсашы құдай оң жақта.

Оразбай отыр тақылдап,

Қыз келмейді жақындап" –

дегенді айтыпты. Боранбайдың асына Абай кешігіп барса, Дүйсен бастаған бір топ Мамайдан кеткелі жатыр екен. Олардың бұл қылығын ұққанда Абай: "Шал-ау, шешеңнің атын ұмытып қапсың ғой", – депті. Сонда шал: "Қоңыр, Қоңыр", – деп айғай салады. Содан кейін аста жан қалмай тарап кетеді.

Он екі жасынан бастап Абай қолында тұрған Кәкітай оқуды Абайдың өзінен оқиды, оны он төрт жасында Әкімбайдың (Абайдың қайтыс болған баласы) қалыңдығына үйлендіреді. Ысқақ Тектіні Құдайберді өлерден бір ай бұрын алады.

"Біреу кісі өлтірсе, керуен тонаса, елді күйдірмесін. Кімде-кім өз кінәсін өзі тартсын, жетсе малын берсін, жетпесе қыстауын, жерін берсін" – деген ережесін дау-шарларда Абай өзі қолданыпты. Мәлкаждар мен Әбдірахман қариларға Семейдің бір саудагерін айтып, "иманды ма?" – дегенде, олар үндемей қалады, сонда өзі "не біреуге пайдасы жоқ адамды иманды деуге аузым бармайды", – депті.