Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 16

Мұхтар Әуезов

Жаратылысында шапшаң, қызбалығымен қатар мақтан сүйгіштігі бар Сармолла жаңағыдай жылы үндерді өзіне халық көрсеткен құрмет-қошемет деп ұқты. Талайдан Сармолланың мешіт-медресе істеріне араласуына, жақындауына кедергі боп жүрген көп жылғы жаулары – Самұрат мәзін, соқыр қариды енді бұлар анық жазалайтын тәрізді. Солардың дәл өлер жерінен оқ атып, жарақаттайтын құрал тапқанына Сармолла әсіресе сүйсінеді.

Олар бұған не істемеген? Жетекке ергіш қарт ишан, имам болса осылардан, Шәрібжан халфеден ары аспайды. Сонымен бәрі бірігіп, Сармолланы бірде-бірі жаназаға, фидия, хатімге шақыртпауға тырысады. Ол былай тұрсын, соңғы бір жарым жыл бойында хазірет пен осы мәзін, қари, халфелер махалла байларының мешіт-медресеге жіберген жылдық зекет малынан, хайыр-уазифасынан да құр қалдырып келеді. Ал анық ғұламалыққа келсе, Сармолла бер жақ қана емес, ар жақтағы жеті мешіттің де имам, халфелерінен өзін артық молда санайды. Өйткені бұл "Бұхарай шәріфте", "Мирғарап" медресесінде оқыған. Кейін Қазан шәһәрінде, Мысырдан жиырма жыл оқып қайтқан соңғы ұстазынан "Шарх Ғабдолланы" да оқып, ғылым тамам еткен. Сондай Сармолланы, бұның өз ойынша, осы махалланың имамы ету керек еді. Тіпті болмаса қазіргі имам, кәрі ишан қайтыс болған соң, соның орнын басатын етіп қазір халфе қойып, мешіт, медресенің қадірлі ұстазының бірі етіп ұстаса керек еді.

Ал оның орнына соқыр қари, Шәрібжан халфе, Самұрат мәзіндер өздерімен жемтіктес, пиғылы пасық Самат халфе деген шала молданы үлкен халфе етіп қойып отыр. Бұл жайларды Сармоллаға жиі ойлатып, ішін қатты қайнатып жүрген күй осы соңғы екі жұма ішінде, оба науқасының үстінде өзгеше күшейе түсті. Бас мешіттің халфе, қарилері әзірше бірде-бір түсімі көп жаназаны Сармоллаға оқытқан жоқ. Көп үйлердің хатімі, фидияларына да бұны әдейі шақыртпады. Сырт қалдырып жүрген, аңдысқан жаулар соқыр қари мен семіз мәзін Самұрат. Ал олар өздері болса, дәл осы соңғы он бес күн ішінде көп түсім тапқандарын танытып қойды. Соқыр қари бұрынғы тоқал үйін темірмен шатырлап жатыр. Ол аз күнде "көк төбел" үйлі болады. Ал семіз мәзін үнемі жаяу жүруші еді, қазір жонынан жарылған жирен аты бар. Соны енді әдемі, жаңа қара тарелейкеге жегіп шығатын бопты. Сармолла болса, неше жылдан бері сауыры бір жұмырланбайтын тарамыс тарлан аттан басқа түк тапқан жоқ. Оның да арбасы жоқ, ер-тұрманы жүдеу ғана.

Үйге келген соң да Сармолла өзінің өш-қастарына қаншалық зақым келтіргенін сүйсініп ойлады. Сан рет жымия түсіп, қабағын жыбырлатып қояды. "Бәдбәхыт жүзіқаралар, көрсетермін мен әлі сіздерге! Жамағат алдында жүздерің қара екенін әшкере етермін!" – деп қояды. Әсіресе тағы бір өзіне мәлім берік жайларын еске алса, тақаты қалмайды. Бұл түннің көбін осылайша қызынып, осылайша құлшыну үстінде Сармолла ұйқысыз өткізді.

2

Жұма намазына бүгін жиылған халық мешіт ішіне сыймады. Көп қауым ауланың ішінде мешіттің екі жағын қоршай тұрып намаз оқысты. Сармолла осы сырттағы халық арасында болып, мешіт ішінде қарт имам бастаған намаздың әр кезек "тәкбир-тәһлилиін" сыртта ұйыған саптарға ашық үнмен әсемдей естіртіп тұр: "Аллаһуәкбар!", "Сами- ғоллаһу лимон хамидә!", "Әссәләмуғалайкүм уәрәхметолла" – деген ауық-ауық намаз бөлімдерін дауыстап, сырттағы қауымды іштегі михрабтағы имамның намазына қалт еткізбей ұйытып тұрды. Халық пен іштегі мешіт намазын оң үйлестіру үшін ол әдейі мешітке кірмей, сол мешітке кіретін ашық, биік алаңның үстінде аз адамдармен бірігіп сапқа тұрып оқыған. Мешіттің екі жағы мен алдын түгел қаптаған қауымның бар саптарына Сармолла жақсы көрініп тұр. Ұзын, қабілетті бойымен, әсем ораған бұхаралық жасыл сәлдесімен және сәл жирендеу келген алтындай мол сақалымен Сармолла бөлек байқалады.