Читать «Абай жолы. 4 кітап» онлайн - страница 15

Мұхтар Әуезов

Қаланың өз халқы тұрсын, Семей маңындағы сан тарау жолдар мен талай-талай елдерден келген қазақ қалашылары, старшын, болыс, байлары да өздері түскен пәтер үйлерінен түнде болған жайды оқыс лақаптай естіпті. Сонымен, бүгін жұма күні мешітке дәл осы жолғы жұма намазына жиылған жұрт өзгеше көп болды. Ауыр қаза, қайғы-қауіпке түскен халықтың обадай науқастан үріккені сонша, қазіргі күндерде не болса соған сеніп, не болса содан ем, лаж күтіп тұрған шақ. Пәледен сасқан халық өзінің қысылған халіне қайдан да болса дәрмен етер, пәрмен болар үміт талшығын іздейді. Көңіл мен көмекті көксейді. Сондай қараңғыда сипалау жөнімен әр саққа толқиды. Саңылау сезілген әр жаққа түртінеді. Кей топтардың үміті мешітке ауады. Ондағы ишан деп аталатын имамға, қари, халфелерге жалтақтайды. Бір нәрсе біле ме, айта ма десіп те үміт етіседі.

Бүгін жұма намазына келе жатқан халықтың ойда жоқ күйде соншалық көп жиылғанын білген қарт ишан намаз соңынан хұтпа оқымақ болды. Ол хұптада халыққа айтатын уағыз-өсиетін осы пәлекет, оба науқасына байланыстыра сөйлемек. Оған тағы бір себеп, түнде ястау намазынан кейін бұл қарт имамды үйіне шейін шығарып салған Самұрат мәзін мен соқыр қари екі қолтығынан демей отырып, Сармолланың бар "сұмдығын" жеткізген. Асыра сөйлеп, аптығып айтысып, қатты бір залым еткен зұлымдықтай баяндаған болатын. Екеуі кезектеп сөйледі.

– Өзін жаназаға халық шақырмағанға қызғанады.

– Өзгелер фидия, садақа тапқанда мен құр қалдым деп қастық ойлайды.

– Бұл халықты аздырады, хазірет.

– Махалла халқы надан, қараңғы, әрбір уәсуәсаға сенеді.

– Сармолланың мінезінен қауіп ойлаңыз, хазірет! – деп қари бір ауық қатаң үнмен, қапалық білдіре сөйледі. Зор дауысты мәзін де тар көшенің түн тыныштығын бұзып, саңқылдаған үнмен жара сөйлеген. Бұрын ақырындау сөйлесіп келсе, енді имамның қақпасына жетіп, қоштасар жерде бар салмақты дәлелін, зілін құлағы мүкістеу қарт хазіреттің көкейіне құя түспек боп, әдейі қатты сөйлейді.

– Айтпады демеңіз, хазірет! Сармолла сөзінің зәһары соншалық қатты. Хатта обаның өзіндей, жұқпалы, зарарлы сөз. Көрерсіз, біздің махалланың надан қауымына, әрбір қорасына, лашығына сол Сармолла сөзі жетсе, бұл халық, бәлки, жаназа шығарудан, хатім етуден де тыйылып қалар. Хазірет, сіздің хайырлы фатиқаңыздан бұл халық уаз кешіп, бас тартып қалып жүрмесін. Сүбіханалла, не ғаламаттар боларын ойласам, ұжданым түршігеді. Сіздің хайыр фатиқаңыздан тартынып, халық ұстаздарына беретін хайыр-уазифаларынан да бас тартуға мүмкін! – деді.

Бұл шаққа шейінгі сөздерді үнсіз тыңдаған хазіреттің жаңағы соңғы сөзден соң сақалы жиі сілкінді. Ол төмен қарап күбірлеп тұр. Кейбір "фәләкәттарды" естіген жерде, соны зарарсыз етпек ниетпен оқитын "Лаухынаманың" тиісті дұғалығын оқыды.

Сармолла болса, айтқан сөзінен қайтар түрі жоқ. Ол түнде намаздан қайтып келе жатып, өзі бастаған сөз бен мінезге іштей қатты ырза болған. Бұны аз уақытқа қоршаған қарт-қариялар шешіліп сөйлемесе де, бір-бір ауыз: "бәрәкәлла", "осыны айтыңыз", "сізге рақмет", "Сармолла, сіздікі ақыл" – деген тәрізді үзік-үзік үндер қатқан. Сармолла өзін құптаған шырай сезіп қалған-ды.